Биыл Маңғыстау түлектеріне 2500 нысаналы грант бөлінді
Алдағы оқу жылына Маңғыстау облысының мектеп бітіруші түлектері үшін 2500 нысаналы грант бөлінді. Оның ішінде 550-і – педагогикалық ғылымдарға, 175-і – жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға, 775-і – ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, 1000-ы – инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бағытталған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, республикалық білім гранты конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Өтініштерді жоғары оқу орындарының базасында, нақтырақ айтқанда Ақтау қаласындағы Ш. Есенов университеті базасында тапсыруға болады.
– Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін белгілі болады. «Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» білім беру салалары бойынша арнайы емтихандар 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді. Шығармашылық емтиханға өтініш беру мерзімі: 1) 20 маусымнан 6 шілдеге дейін; 2) 12–19 тамыз аралығы (ақылы негізде оқуға түсушілер үшін). Шығармашылық емтихандарды өткізу мерзімі: 1) 7–15 шілде; 2) 20–23 тамыз (ақылы негізде оқуға түсушілер үшін). Білім беру гранты куәліктерін grant.testcenter.kz сайты арқылы тексеруге болады, – деді Клара Құлатаева.

